Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп.
Көз жетті кеткеніне жаздың өтіп.
Құлайды жапырақтар құба талдан,
Күрең күз құдіретіне тағзым етіп.
Міне, жаңбырлы суық күнімен көпшілікті жауратар күз мезгілі де келіп жетті. Жерге сән беріп сарғайып жатқан жапырақтар, аспанда түнеріп тұрған қара бұлт бәрі - бәрі осы күз мезгілінің нышандары деп ойлаймын. Күздегі табиғат көрінісі өте ерекше. Күз десе, менің көз алдыма алтынмен көмкеріліп тұрған орман іші елестейді. Жанға сая болар, шаршаған көңіліңді басар табиғат аясы. Жалғыз мені ғана емес, бұл көрініс кез-келген адамның жүрегіне таңба салары анық. Күз мезгілі өзінше ерекше, өзінше керемет бір мезгіл!
Міне, осы алтынмен қапталған күз мерекесі Ақкөл орта мектебіне де келіп жеткендей… Мерекені өткізудегі мақсатымыз балалардың дүниетанымын арттыру,балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау. Бұл мерекеге мектептің барлық бастауыш сынып оқушылары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Барлық сынып оқушылары мықты дайындықпен келгендері көрініп – ақ тұрды.
1 «А»-сыныбының кішкентай бүлдіршіндері «Күзгі вальс» биін билесе,
1 «Б»-сыныбы жеміс-жидектер болып киініп, сахналық көрініс көрсетті.
Ал 2 «А» сынып оқушылары дәйім жұрттың көңіл-күйін бимен көтеріп тастаса,
2 “Б”–сынып оқушылары “Күзгі жапырақтар” биін өте әдемі билеп шықты.
3 “А”- сынып оқушылары “Жаңбыр тамшылары” атты би өнерін көрсетіп, дәйім жұртты қуанышқа бөлесе, 3 “Б”-сынып оқушылары “Алтын күз” туралы әндерін керемет орындап шықты. Ал, 4 “А” сынып оқушылары өздерінің керемет дайындығын «Флешмоб» биін билеу арқылы көрсетсе, 4 “Б”-сынып оқушылары ән айтып, бәрімізге көңілді күй сыйлай білді.
“Алтын күз» атты музыкалық кеш жоғарғы деңгейде өтті десем
қателеспеймін. Өйткені барлық оқушылар мерекеге белсене ат салысты. Іс-шараға жауапты болған Жармаганбетова М.М мен Житниковская Т.В мерекені жоғарғы деңгейде өткізіп шықты. Бұл ұстаздарға шығармашылық табыс тілеймін. Оқушылардың ата-аналары да қолдау көрсету мақсатында балаларға күзгі киімдер тігіп көмектесті және керемет музыкалық іс-шараны тамашалауға келді. Әрбір кеш қонағы көңілді әсер алып кетті деп ойлаймын. Осындай мерекелі берекелі күндеріміз көп болсын демекшімін.