Оқушылардың мектепте тамақтануы
Дұрыс тамақтану- мықты денсаулық кепілі. Мектепте сабақ ерте басталады. Ұйқыдан дұрыс оянып үлгермеген балалар мектепке келеді. Бір – екі сабақтан соң, балалардың тәбеті оянады және олар ұйымдасқан түрде сынып жетекшілерімен мектеп асханасына барады. Келесі үзілісте асханаға бару кезегі- бастауыш сыныптікі, одан кейін ортаңғы буын, сонан соң жоғары сынып оқушыларының кезегі келеді.
Асханада үнемі дастарқан жайылып тұрады және жеке кәсіпкер Сауле Амантаевна Башарова оқушылар мен мұғалімдерге қуана – қуана қызмет көрсетеді. Балалар құнарлы тамақтанумен қамтамасыз етіледі. Ас мәзірі күнделікті өзгертіліп отырады, тағамдардың, жаңа піскен өнімдердің және сусындардың түрлілігі байқалады. Кішкентай бүлдіршіндер өздерінен кейін үстел үстін жинап кетуі- мұнда өзіне қызмет көрсету қолға алынғандығының дәлелі. Асхана безендірілуі, ахуалы, жаңа жиһаз, қызмет көрсету- жақсы көңіл – күй сыйлайды. Ақкөл орта мектебінің асханасы «Агрофирма Мирасжер» ЖШС- нің директоры Хасенов Негмет Тлегеновичтің демеушілік көмегімен жабдықталған.
Асхана оқу жылының басынан бастап қызмет көрсетеді. Жалпы, барлық балалар ыстық тамақпен қамтылған, оның ішінде жалпыға міндетті оқу қорынан 33 оқушы, ал қалғандары ата – аналардың ерікті түрде жасалған жарна төлемінен тегін ыстық тамақпен тамақтанады.
2018 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының «Мектеп асханасы» жобасы жүзеге асырылады. Жобаға сәйкес 2019 жылдың 28 қаңтарында тамақтануды жүзеге асыру мониторингі өткізіліп, нәтижесінде мектеп тамақтандыруына жақсы пікір білдірілді.