Екі жұлдыз
«Екі жұлдыз» ән байқауының сценарийі
(Акт залында «Екі жұлдыз» )
Жүргізуші -1
Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және қонақтар!
Қырандай қалықтап, әсем әнмен шарықтап, Қазақстанды аралап, өнерліні жағалап, алыстан ат арытып, микрофонды тоздырған «Екі жұлдыз» байқауы міне біздің де мектебімізге келіп жетті.
Қазақ халқы қашанда өнермен өнерпазға кенде болмаған ғой. Ал, ән әлеміндегі жұлдыздарымыздың орны бөлек. Аспан әлеміндегі сан жұлдыздың жарқырай көрінуі – бағының жанып, бабының келіскені деп ұғамыз. «Жұлдызың жансын!» - деген қазақы ақ тілекпен бастап, ақындарымыздың аузына түскен:
«Жұлдыздар жерге жақындап,
Байланып қалған сияқты.
Қаз - қатар өскен тату бақ,
Ойланып қалған сияқты».
Олай болса, бүгінгі «Екі жұлдыз» бағдарламасына хош келдіңіздер!
Жұптарды ортаға шақырмастан бұрын бүгін осы жұптарды номинация бойынша марапаттайтын және кімнің нағыз жұлдыз екенін шешетін адам керек емес пе? Ондай болса, ең алдымен қазылар алқасымен таныс болайық:
Мектеп директоры:
Музыка пәнінің мұғалімі:
Кәсіподақ ұйымының мүшесі:
Жүргізуші - 1
Домбырада ойнаса қоңыр үнімен құлақ қыршынын қандырар, микрофонмен ән салса, жастық делебеңді қоздырар, музыка маманы, қазылар алқасының төрағасы, мектебіміздің директоры Киселенко Людмила Станиславна
Белгілі сазгер, тәлімгер әнші, Қазақстан Республикасының «Білім беру» ісінің үздігі, домбыраның қыршынын білетін сүйікті ұстазымыз Валеева Асия Каркенқызы
Танымал әнші, суырып салма ақын, музыка десе ішкен асын қоятынұстазымыз Маштиева Баян Зиядинқызы
Жүргізуші -2
Ал енді күміс көмей, жез таңдай жұлдызды жұптарды ортаға шақырайық.
Ал, жұптар бүгін жұлдыздарыңыз жана берсін дей отырып, сіздерге сәттілік тілейміз.
Жүргізуші -2
Сонымен келесі жұбымыз күндей күлімдеген, айдай ажары бар аруымыз бен жұбына құт болған қошеметпен ортаға шақырамыз. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын өнерпаз жұптарымызға қол соғып, қошеметтеріңізді көрсетіп отырыңыздар! Рахмет!
Жүргізуші -1
Өнерінің күшімен, микрофонның ұшымен сіздерге әсем әндерін арнайтын келесі жұбымыз:
Жүргізуші -2
Құрметті көрермендер, қадірменді қонақтар, қошемет көрсетіп, қол соғып отырсаңыздар. Талай күнгі кештерін сарп еткен, еңбектерін көрсеткелі тұрған келесі тағы бір өнерпаз жұбымыз:
Жүргізуші -1
Қазақ қонақ келсе төрге,
Әнші келсе өрге,
Аққу келсе, көлге сүйреген, халық қой. Ендеше, жұптасқан аққудай келесі жұбымызды қошеметпен ортаға шақырайық.
Жүргізуші -2
Өнерпаз боп ән айтқан,
Ән айтқанда, таңға айтқан,
Таңға айтқанда, жанды айтқан – демекші, жанды дауысты келесі жұпты қарсы алыңыздар:
Жүргізуші -2
Мына киелі сахнаның орны бөлек. Мұнда кез – келген адам шыға бермейді. Тек «ұялмаған әнші болады» дегендей, халық алдына шыққанда ұялмайтын, арқасын кеңге сала білетін, өнерден хабары бар, талантты, әрі өнерпаз адамдар ғана шығады. Сондай талантты жұптарымыздың бірі:
Жүргізуші -1
Әнмен маржан өретін
Өнерін халқым көретін,
Жұптасып бізге ән айтып беретін, келесі дарынды жұбымыз:
Жүргізуші -2
Рахмет! Көрермендер ду қол шапалақ соғып, қошемет көрсетіп отырайық. Ал, келесі жұбымыз «Екі жұлдыз» деп көптен егіліп жүрген, өнердің қиыны мен қисынын көріп жүрген келесі жұбымыз:
Жүргізуші -1
Рас айтасың, бірін жақсы, бірін жаман деуге болмайды. Әр жұптың өзіндік кемшіліктері мен артықшылықтары бар деуге де болады. Ондай болса, осымен 1-ші бөлім аяқталды деп жариялап және қазылар алқасының бір ауыз сөзін тыңдайық. (Қазылар алқасы өз пікірлерін айтады)
Жүргізуші -1
Осыдан екінші бөлімімізді бастайық. Жұптарды кезекпен ортаға шақыру.
«Екі жұлдыз» байқауына қатысушыларды марапаттау.
Жүргізуші -2
Құрметті ұстаздар, оқушылар, қадірменді қонақтар! Осымен бүкіл әлемді аралап, Қазақстанды жағалап, халықтың жүрегін жаралап келген «Екі жұлдыз» байқауы да өз мәресіне жетті. Біздің мақсат – бірін төрден, енді бірін өрден көрсету емес, осындай өнерпаздарымыздың өнерлерін мына сіздерге паш ету. Өнерлеріңіз өрге жүзсін дей келе барлығымызды келе жатқан мейрамдарыңызбен шын жүректен құттықтап, қоштасамыз.