33. Негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру білім алушылардың міндетті қорытынды аттестаттауымен аяқталады және мынадай нысандарда өткізіледі:
1) 9 (10) сыныптардың білім алушылары үшін қорытынды бітіру емтихандары;
2) 11 (12) сыныптардың білім алушылары үшін мемлекеттік бітіру емтихандары.
34. 1-8 (9), 10 (11) сыныптардың білім алушыларына қорытынды аттестаттау қарастырылмайды.
35. Қорытынды аттестаттауға МЖМБС талаптарына сәйкес үлгілік жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген 9 (10), 11 (12) сыныптардың білім алушылары жіберіледі.
36. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген 9 (10) сынып білім алушылары төрт пәннен емтихан тапсырады, оның біреуі таңдау бойынша.
37. 9 (10) сынып білім алушылары үшін қорытынды аттестаттау мынадай нысандарда өткізіледі:
1) қазақ/орыс тілі және өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде білім беретін мектептер үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан:, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп оқушылары үшін жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе);
2) математикадан (алгебрадан) жазбаша емтихан;
3) орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан және қазақ тілінде оқытатын сыныптардағы орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан;
4) таңдау пәні (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика) бойынша жазбаша емтихан.
Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 28.08.2020 № 373 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
38. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беру оқу бағдарламаларын меңгерген 11 (12) сынып білім алушылары бес емтихан түрінде қорытынды аттестаттау тапсырады, олардың біреуі таңдау бойынша.
39. 11 (12) сынып білім алушыларын қорытынды аттестаттау мынадай нысандарда өткізіледі:
1) қазақ/орыс тілі бойынша және өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде білім беретін мектептер үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан:
2) алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтихан;
3) Қазақстан тарихынан тестілеу;
4) орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен тестілеу;
5) таңдау бойынша пәннен (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, құқық негіздері, әдебиет, шетел тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика) тестілеу.