Желтоқсан құрбандары мәңгі есімізде.
Талай қазақ қыздары мен жігіттерін арамыздан алып кеткен "Құйын − 86" деген атпен желтоқсан оқиғасы баршамыздың мәңгі есімізде қалады. Егеменді еліміздің келешегі үшін жанын пида еткен батыр жастарды ұмытпаймыз!
Желтоқсан заман толғағы байтақ даланы
Шарпысқан сәтті үміт пен күдік наланың.
Желтоқсан − Қайрат, Ләззат пен Сәбира,
Құрбаны болған жаланың...
Алматының Чайковский атындағы музыкалық училищесінде қобызшы мамандығы бойынша оқып жүрген Ләззат Алтынайқызы Асанованың 16 жылдық қысқа ғұмыры ерте үзілді. Ол Ақжүніс пен Құртқа, Әлия мен Мәншүк секілді қазақтың ер жүрек қыздарының ерлігін қайталады. Туған елінің азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы қазақ жастары көтерілген 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде қайсарлық пен ерлік көрсетіп, құрбан болды.
Ләззат Асанованың анасының жоқтауы:
Желтоқсанның анаға,
Ызғары көп, қарағым,
Намыстан өлген қазақтың,
Қыздары көп, қарағым.
Бота көзің боталап,
Қиянаттан қаталап.
Дәл он алты жасыңда,
Жан адам жоқ қасыңда.
Қыршыныңнан қиылдың,
Қара жерге бұйырдың.
Заманыңа қақайып,
Қарсы тұрған, боташым.
Алтын сақа асықтай,
Алшы түскен, қарағым.
Дәл өзіңдей қыз тапқан,
Мен де арман бар ма екен,
Қайтейін, құдай, қайтейін?!
19 желтоқсанда ауруханаға бас сүйегі мен миынан жарақаттанған, энергетика институтының 2-курс студенті Ербол Сыпатаев әкелінді. 23 желтоқсанда есін жимастан қайтыс болды. Ербол – бір үйдің жалғыз баласы еді. «Құйын – 86» операциясының құрбаны болды.
Ербол Сыпатаевтың анасының жоқтауы:
Батыр атаң Әтікей,
Батыр бабаң Нұржеке ер.
Қара бұлттай түйіліп,
Сары бүркіттей шүйіліп.
Сары жебедей ысқырып,
Дұшпанға қан құстырып.
Тұлпар мініп шайқалып,
Жаудың бетін қайтарып.
Қара нардай қайыспай.
Соққыдан белі майыспай.
Көңдей илеп дұшпанын,
Тілгілеген қайыстай.
Бабасына ұқсаған,
Айналайын Ерболым!
Баба аруағы демеген,
Ер боп туған енеден.
Алын баулы ақсұңқар,
Биік тұғыр болмаса.
Аласа астаудан жем жемеген,
Жас болса да бас болып.
Батырға басын теңеген,
Айналайын, құлыным!
Сабира Мұхамеджанова Алматыдағы жастар шеруін жұдырықтай жүрегімен қолдап, Өскемен қаласының студенттерімен бірге Ушанов алаңына қарай өлең айтып, шеруге шықты. Оны дүрбелеңге үн қосқаны үшін айыптап, тәртіпсіз деп бағалаған. Училищеден жазықсыз шығарып жіберген қорлығына шыдай алмай Өскемен педагогикалық училищесінің І курс студенті Сабира Мұхамеджанова жатақхананың өзі тұратын бөлмесінің терезесінен секіріп қаза тапты.
Сабира Мұхамеджанованың анасының жоқтауы:
Қазаққа да еркіндік
Тиетін кү бар ма екен?!
Өтеміз бе, қарағым,
Еркіндікке жарымай
Өжет едің, өткір ең
Жалтақтығың жоқ білем
Көз жасым мынау парлаған
Даусым ащы сарнаған
«Аман қыл!», − деп ел-жұртты, −
Тәңірден медет сұрайын
Ауналайын құдайым
Тыныштық бер еліме
Ғұмыр бергін жасыма
Енді қайғы төндірме
Қартайғанда басыма!
Қайрат Рысқұлбеков 1982 жылы Алматы Сәулет құрылыс институтына түседі. Сол Желтоқсан оқиғасынан кейін оны «Савицкийді өлтірген қылмыскер» деп жала жауып «Аса қауіпті қылмыскерлер изоляторында» зорлық-зомбылық көрсетті. Небары 21 жас ғұмыр кешті.
Қайрат Рысқұлбековтың анасының жоқтауы:
Елім, елім, елім деп,
Ар-намысын сақтаған.
Бұйырғанда өлімге,
Кірпігін де қақпаған.
Батыр бабаң Бауыржан,
Қолдады ма, қарағым,
Желтоқсанның шыдадың,
Толғағына, қарағым.
Арман, арман, арман көп,
Айтылар теңеу қалған жоқ,
Қысқа ғұмыр сүрсең де,
Таң қалдырған қарағым!
Алатауға абиыр,
Алып берген қарағым!
Ерлік жолын халқыңа,
Салып берген қарағым!
Мамық болсын қара жер,
Жатқан жерін жарық боп,
Бақұл бол, бақұл әй, көкем,
Тәубе, тәубе, тәубе етем!